National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесу

2014 жылғы 05 ақпан

 

Кездесу барысында Қазақстан Президенті кездесуге қатысқан дипломаттар өкілі болып саналатын барлық мемлекеттермен біздің ел достық және тиімді ынтымақтастықты нығайтып отырғанын атап өтті.

– Былтыр Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус құрамының үштен бірі жаңарды. Жаңа елшілерді біздің еліміздегі қызметтерінің басталуымен құттықтаймын. Астанада көптен бері жұмыс істеп келе жатқан әріптестеріңізбен бірге сіздер мемлекеттеріміздің ынтымақтастығын дамытуға өз үлестеріңізді қосатындарыңызға сенемін. Біз өз тарапымыздан сіздердің алаңсыз қызмет етулеріңізге барлық жағдайды жасауға дайынбыз. Баршаларыңызға Қазақстандағы лайықты және игілікті қызметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясының ұзақ мерзімді міндеттері ескеріле отырып, Қазақстанның сыртқы саясатының 2020 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасы бекітілгенін, ол ашық сипатқа ие екенін айтты.

– Онда жалпыәлемдік трендтер ескеріліп, бүкіл әлем бойынша серіктестерімізбен тиімді өзара ықпалдастыққа бағытталынған. Бүгінде жаһандық экономикада біраз ілгерілеулер байқалуда. Болжамдар Еуропада, АҚШ және өзге де елдерде экономикалық өсім үрдістерінің күшейіп келе жатқандығын көрсетіп отыр, – деді Қазақстан Президенті.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар халықаралық аспектілерді назарда ұстау қажет деп есептейді.

– Жаһандық экономиканың циклдік сипатын да ұмытпау керек. Өсуден соң құлдырау бар. Тарихта мұндай жағдай бірнеше рет болған. Сондықтан әлем және Қазақстан жаһандық экономикадағы кез келген бетбұрыс пен халықаралық саясатқа дайын болуға тиіс. Сондай-ақ, өсу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің маңызы артады. Қарт құрлық пен Жаңа әлемнің бірқатар елдерінде әлеуметтік проблемалардың әлі де шешілмеуінен ішкі қақтығыстардың жоғары деңгейдегі қауіп-қатері сақталып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті республикамыз Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі Женева келіссөздерінің басталуын құптайтынын және оның табысты өтуіне үміт артатынын жеткізді. Мемлекет басшысы Қазақстанның тағы бір маңызды халықаралық проблеманы – Иран ядролық бағдарламасы түйткілін шешуге қатысқанын атап өтті. Мысалы, Алматыда осы мәселені реттеу проблемалары жөнінде көптарапты келіссөздердің екі раунды өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның басқа мемлекеттермен де ынтымақтастық аясын кеңейтетінін мәлім етті.

– Өткен жылдың өзінде ғана елімізге Ресей, ҚХР, Еуропалық комиссия, Ұлыбритания, Индонезия, Испания, Беларусь, Қырғызстан, Түрікменстан, Финляндия, Латвия көшбасшылары келді. Каспий маңы елдерімен бірлескен жұмысымыздың басым бағыттарының бірі – Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау. Қазақстан Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция ұйымдастырды. Ол БҰҰ-дан қолдау тауып, Астана экономикалық форумы аясында өтті. Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен, АҚШ және Еуропа Одағы елдерімен достық пен ынтымақтастықты дамыту – маңызды міндет. Қазақстан Батыс жартышардағы мемлекеттермен, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африкамен ынтымақтастық аясын кеңейтті. Въетнам мен Оңтүстік-Африка Республикасында Қазақстан елшіліктері ашылды. Биыл Эфиопияда, Мексика мен Кувейтте елшіліктеріміз ашылатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдар аралығындағы тұрақты емес мүшелігіне сайлау науқанын ресми түрде бастағанын еске салды. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев өкілдері қатысып отырған елдердің үкіметтеріне Қазақстанның кандидатурасын қолдауға шақырған үндеу тастады.

Қазақстан Президенті Еуразияның орталығындағы мемлекет ретінде біздің еліміз үшін интеграциялық үдерістерге қатысудың өмірлік маңызы бар екенін айтты. Ол сондай-ақ бүкіл Орталық Азияның табысты дамуының кепілі де ішкі өңірлік интеграцияны белсенді ілгерілету болатынын атап өтті. 

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қазақстан сыртқы саясаттың мәдени-гуманитарлық өлшемдерінің барлық аспектісіне, соның ішінде дамуға ресми көмек көрсету жөніндегі халықаралық ынтымақтастыққа да зор мән беретінін айтты.

Соңында Қазақстан Президенті дипломатияның әрдайым патриоттық өнегенің жоғары сатысы болғанына және солай болып қала беретініне тоқталды.

– Барлық елшілерге, дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің басшыларына Қазақстан Республикасындағы лайықты және мәртебелі миссияларыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Өз тарапымыздан біз сіздердің толыққанды тұрмыстарыңыз бен қызметтеріңіз,  тиімді демалыстарыңыз үшін барлық қажетті және қолайлы жағдайды жасайтын боламыз. Біз экономиканы, саясатты және қоғам өмірін одан әрі дамыту үшін өзге елдердің тәжірибесін алатын боламыз. Сіздерге жұмыста табыс, отбасыларыңызға бақыт пен амандық тілеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде дипломатиялық корпус дуайені, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Бочарников Қазақстан Президентінің дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің басшыларымен қалыптасқан дәстүрлі кездесуін дипломаттар жоғары бағалайтынын атап өтті. 

– Дипломаттар үшін өзіміз келіп отырған елде болып жатқан үдерістердің бағасын, оның болашақ даму бағыттарын мемлекет басшысының өз аузынан есту мүмкіндігіне ие болу өте маңызды. 2013 жыл Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосуды мақсат еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асырудың алғашқы жылы болды. Бұл жылы айтарлықтай экономикалық қиыншылықтар кездесті. Қазақстанның дамуының ұзақ жылдар бойы сақталып келе жатқан оң қарқынын атап өту біз үшін сүйінерлік жайт, – деді М.Бочарников.

Дипломатиялық корпус дуайені экономикалық және қаржылық тұрақтылық Қазақстанның халықаралық беделін нығайтатынына тоқталды.

Сондай-ақ, М.Бочарников қазіргі уақытта Қазақстан әлемнің 158 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанын, оның 67-сінде республикамыздың дипломатиялық өкілдіктері бар екенін айтты. Ол дипломатиялық корпусқа көрсетілген ықылас пен олардың қызмет етуіне жасалған қолайлы жағдай үшін ризашылығын білдіріп, Ресей Федерациясының елшісі ретінде Сочидегі қысқы Олимпиаданы табысты өткізуге қатысты игі тілектер үшін алғысын айтты.             


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің