National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Елбасы Отан қорғаушы күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадта болды

2015 жылғы 07 мамыр

 

Іс-шара барысында Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы парад автокөлігімен әскери қызметшілер сапын аралап, парадтық есептоптарға амандасты.

Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды және әскери шеруге қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен, алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.

– Екі мерекенің қатар келуінің символдық мәні бар. Бұл Ұлы Отан соғысындағы жеңімпаздар мен Отан қорғаушыларымыздың бүгінгі буынының әскери дәстүрлерінің сабақтастығын білдіреді. Майдандағы әскери ерлік пен тылдағы қажырлы еңбек Жеңістің басты негізіне айналды. Біздің халқымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіске өшпес үлес қосты. Соғысқа аттанған 1 миллион 200 мың жерлесіміздің жартысы шайқас алаңында қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдары бүкіл халқымыз тылдағы еңбекке жұмылды. Жауға атылған 10 оқтың тоғызы біздің елімізде жасалды. Әкелеріміздің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Біздің жеңістеріміздің тарихы – патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы соғыс және еңбек ардагерлерін Ұлы Жеңіс мерейтойымен құттықтап, олардың жауынгерлік және еңбектегі ерлігі халқымыздың барлық буыны үшін мәңгілік екенін, ал ерлік әрдайым қасиетті болып қала беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бес халықтық реформаны жүзеге асыру жаңа ұрпақ үшін болашақтағы көп жылдарға ілгері жол ашатынын айтты.

– Біздің барлық жетістіктеріміз – жаңа биіктерге бастайтын ынталандыру. Биыл 20 жылдығын атап өтіп жатқан Конституцияның бірінші сөзі: «Біз, Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл – көпұлтты халық бірлігінің мызғымас формуласы. Біз ең басты құндылықтарымызды – тәуелсіздікті, татулық пен тұрақтылықты ғасырдан-ғасырларға сақтауға тиіспіз. Барлық мемлекеттік институттардың және әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтарды қорғау. Отан қорғаушылардың алдыңғы қатарында біздің айбарлы Қарулы күштеріміз тұр, –  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде еліміздің әскери қызметшілеріне сөз арнады. 

– Сіздерге биік міндет – Қазақстан егемендігі мен азаматтардың тыныштығын қорғау жүктелген. Осы қасиетті парызды адал орындаңыздар. Бүгін біздің айбынды жауынгерлеріміз осы алаңнан салтанатты шеру тартып өтеді. Бұл – Ұлы Жеңіске және Отан қорғаушы күніне көрсетілген құрмет, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды тағы да мерекемен құттықтап, елімізге татулық пен тыныштық тіледі.

***

Бұл парад өткен жылдардағы парадтарға қарағанда көрнекі, қатысушылар саны жағынан ең ауқымдысы болды. Оған еліміз Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері мен әскери техника санының рекордтық мөлшері тартылған. Атап айтқанда, парадқа 5 000-ға жуық әскери қызметші, 200 бірлік шамасында қару-жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатысты. Қазіргі заманғы ҚР Қарулы Күштерімен қатар Ұлы Отан соғысы уақытындағы армия мен қару-жарақ түрлері көрсетілді.

Осы орайда ту ұстаушы топтардың ҚР Мемлекеттік туы мен осыдан 70 жыл бұрын отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев және оның жауынгер досы Григорий Булатовтың Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі – Жеңістің қызыл туын алаңға алып шығу ерекше рәсім түрінде ұсынылды. Жауынгерлік ту Қазақстанға Мәскеудегі Тағзым тауынан әкелінді.

Парад барысында жаяу әскерлер мен әскери техника шеруі өтті. Авиа-шоу ерекше маңызға ие болды. Әскери ұшқыштар жеке және пилотажды топ құрамында жоғарғы пилотаж фигураларын орындап, өз шеберліктерін көрсетті, сондай-ақ әуеде Ұлы Жеңістің мерейтойын білдіретін «70» санын жазды. 

Елбасы сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің