Жаңалықтар

19 ақпан 2010
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев герман тарабының бастамасы бойынша ГФР Канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлесті.

Ангела Меркель Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығы басталуымен құттықтады. Өз кезегінде, Мемлекет басшысы Канцлерге Германияның Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне көрсеткен көмегі және ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізу туралы қазақстандық бастаманы қолдағаны үшін алғысын жеткізді. Екі елдің лидерлері аталған кезеңде алда тұрған саммиттің мазмұнды бөлігін нақтылау жөнінде жұмыстар жүргізу қажеттігін атап өтті.

Телефон арқылы әңгімелесу барысында Қазақстан-Германия қарым-қатынастарының жағдайы мен перспективасы талқыланды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Индустрияландыру стратегиясы аясындағы жобаларды жүзеге асыруда германиялық компаниялардың қызметін жоғары бағалады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2009 жылы Германияға жасаған сапарының қорытындыларын қанағаттанушылық сезіммен атап өтті. Өз тарапынан, Ангела Меркель биылғы жылы Қазақстанға ресми сапармен келу ниеті барын білдірді.

Әңгімелесу барысында екі жақты қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын нығайтуға бағытталған сауда-экономикалық саладағы нақты жобаларды әзірлеу туралы екі елдің тиісті мемлекеттік органдарына тапсырма беру жайы шешімін тапты. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар