Жаңалықтар

7 қараша 2005
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Қазақстан Республикасындағы сейсмикалық қауіптілік және жер сілкіну болжамдары мәселелері жөнінде мәжіліс өткізді.

Мәжіліске Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ғалымдар қатысты.

 
Ел аумағының үштен бірі сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан, сейсмикалық қауіптілік мәселелері біздің еліміз үшін әрқашан басым маңызға ие. Бізге 2003 жылы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында болған жер сілкінісі елеулі әсер етті. Онда жүздеген үйлер қирап, бұзылды. Мемлекет бар мүмкіндікті жасады, жер сілкінісінің зардаптарын жоюға облыстың бір жылдық бюджеті – 100 миллион доллардан артық қаражат жұмсалды.

   
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан сақтандыру мәселелері республиканың Қауіпсіздік Кеңесінің ұдайы назарында. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан сақтандыру мен жоюды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда, 2004 жылы Мемлекет басшысының Қазақстан аумағында төтенше жағдайларды болдырмау  туралы өкімі шықты.

 
Мемлекет басшысы барлық жүзеге асырылып жатқан шараларға қарамастан, мониторинг, түрлі мемлекеттік органдардың тиімді әрекет ету және жер сілкінісі салдарын барынша төмендету міндеттерін қамтамасыз ету салалары қазіргі талаптарға сай болу қажеттігін атап өтті. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев төрт басым бағыттарды белгіледі.

 

Біріншіден, бірыңғай республикалық сейсмологиялық бақылаулар жүйесін, оның техникалық дамуы мен бағдарламалық-математикалық қамтамасыз етілуін түбегейлі жаңарту қажет.

- Республиканың барлық аумағын қамтитын кең сейсмологиялық станция желісін құру қажет. Қатты қимылдарды тіркейтін жаңа станциялар мен пункттер Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында ашылуы тиіс.

 

Екіншіден, сейсмология саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді одан әрі дамыту, күшті жер сілкіністерін болжаудың жаңа әдістерін әзірлеу қажет. Бұл зерттеулер тиімді болуы, барлық кәсіптік ғылыми орталықтар мен зерттеушілердің мүмкіндіктерін біріктіруі тиіс.

-  Жерді ғарыштан қашықтан барлап қарау мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға аса назар аударамын, - деп атап көрсетті Президент.

 

Үшіншіден, жер сілкінісі зардаптарын жоюға қажетті күштер мен құралдардың дайындығын қамтамасыз ету.

 

Төртінші басымдылық ретінде Мемлекет басшысы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын-алу мен жоюдағы халықаралық тәжірибені тиімді пайдалануды атады.

 
Мәжілісті қорытындылай келе Президент қазіргі кезде Алматы тұрғындарының дүрлігуіне себеп жоқ екенін, сейсмологтардың орта және ұзақ мерзімдік болжамдарына сәйкес Алматы мен Алматы облысында жер сілкінісі орын алмайтынын атап көрсетті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар