Жаңалықтар

28 қараша 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновойды қабылдады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев Мемлекет басшысын еліміздегі әлеуметтік ахуал жөнінде және Президенттің «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауында айқындалған тапсырмалардың орындалу барысы туралы хабардар етті.


Кездесу барысында сондай-ақ «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасының аясында серпінді жобаларды іске асырып отырған кәсіпорындарды білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі әңгіме болды.


- Бүгінде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған барлық әлеуметтік мәселелер орындалды. Сонымен қатар, негізгі азық-түлік өнімдері мен коммуналдық қызмет төлемдері бағасының көтерілуіне байланысты бюджетте халықтың аз қамтылған топтарына көмек көрсетуге арналған қаржы қарастырылды. Мемлекет басшысы бізге өңірлердің әкімдерімен бірлесе отырып, халықтың аз қамтылған бөлігін әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесін үнемі бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл ақпарат Президентке ұдайы баяндалып отырады, - деді Б.Сапарбаев журналистерге арналған брифингте.


Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа министрліктің ағымдағы жылғы жұмысының қорытындылары жөнінде баяндады.


Кездесу барысында Президент министрліктің және тұтастай алғанда, мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы жұмысының аса маңызды көрсеткіші – бала мен ана өлім-жітімін азайту екендігін атап өтті.


- Қазақстанда бұл көрсеткіш біз арасынан табылуға ұмтылған әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің деңгейіне жеткізілуі тиіс. Бұл өте маңызды, - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.


Таяу уақытта Қазақстанда медицина саласының шығындары ІЖӨ-нің 4 пайызын құрамақ. 2008-2010 жылдары 150 денсаулық сақтау нысанын және 300 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр. Тек биылғы жылдың өзінде медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 27 мыңнан 43 мың теңгеге дейін өсті. Алдағы жылы медицина қызметкерлерінің еңбекақысын тағы көтеру көзделіп отыр. Сонымен бірге, алдағы жылдан бастап бюджет саласының қызметкерлері еңбек демалысына орай бір жалақы көлемінде емделуге арналған жәрдемақы алатын болады.


- Мен Мемлекет басшысын денсаулық сақтаудың бірінші кезекті буыны – жедел медициналық жәрдем көрсетуді жақсарту жөніндегі шаралар туралы, және де өкпе ауруын, онкологиялық және жүрек-тамыр ауруларын, ВИЧ-инфекциясын, өндірістік жарақаттануды азайту бойынша атқарылған шаралар туралы хабардар еттім. Президент денсаулық сақтау саласына бағытталған қаражатты тиімді пайдалану мен ұлттық денсаулық сақтаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл міндеттер орындалатын болады, - деді А.Дерновой журналистерге арналған брифингте.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар