Жаңалықтар

5 мамыр 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Америка Құрама Штаттарының вице-президенті Ричард Чейнимен кездесті.

209.jpg

210.jpg

211.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Америка Құрама Штаттарының вице-президенті Ричард Чейнимен кездесті.

 
Сапар аясында энергетика, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы екіжақты қарым-қатынастар мәселелері талқыланған шағын және кеңейтілген құрамдарда келіссөздер болып өтті. Сондай-ақ, қазіргі заманғы мәселелер, Орталық Азиядағы геосаяси жағдай туралы, өңірлік ықпалдастық, Каспий бассейні мен Еуразия кеңістігіндегі процесстер жөнінде пікір алмасулар болды.

 
- Вице-президент мырза, құрметті делегация мүшелері, мен Сіздердің Қазақстанға, біздің жаңа елордамыз Астанға аяқ басып тұрғандарыңызға шын жүректен қуаныштымын. Сіздердің келгендеріңіз біздің ынтымақтастығымызға зор серпін береді. Осы қарым-қатынастар біздің тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен-ақ басталды және бүгін күні біз көптеген салаларда стратегиялық әріптестікке қол жеткіздік. Бұл біздің жаппай-қырып жоятын қару-жарақты таратпау жөніндегі бірлескен жұмысымызға байланысты, Қазақстан бұл іске өзінің ядролық арсеналынан бас тарта отырып және ядролық полигонды жабу арқылы зор үлесін қосты. Біз энергетика саласында да белсенді ынтымақтастыққа қол жеткізіп отырмыз. Біздің әріптестігіміз 11 қыркүйектегі қайғылы оқиғалардан кейінгі лаңкестікке қарсы коалицияда дами түсті. Еліміз арқылы сіздерге әуе кеңістігін ұсындық, біздің саперларымыз мыңдаған ирактықтардың өмірін құтқару үшін Иракта жұмыс істеп жатыр. АҚШ – біздің еліміздегі ірі инвестор. Американ компанияларының салымдары 12 миллиард долларды құрайды, біздің тауар айналымымыз 2 миллиардқа жетті. Бұл – біздің табысымыз. Сіздің сапарыңыз болашақтағы ынтымақтастығымызға жаңа серпін береді деп санаймын, - деді Қазақстан Президенті кеңейтілген құрамдағы келіссөзді аша отырып.  
Ричард Чейни Қазақстан басшысына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдірді және Президентке және Қазақстан халқына Джордж Буштың атынан сәлемін жеткізді.

 
- Сізге үлкен рахмет, Президент мырза. Делегация атынан мен Сізге бізді бүгін қабылдағаныңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Бүкіл Америка сіздің елдің соңғы 15 жылда қол жеткізген прогресіне таңдануда. Америка Құрама Штаттары үшін Қазақстан көптеген салаларда жақсы дос әрі стратегиялық әріптеске айналды. Біз Сіздердің Ауғанстанда және Иракта істеген жұмыстарыңыз үшін, сондай-ақ, лаңкестікке қарсы жаһандық соғыста бізбен бірге сіздердің күрес жүргізіп жатқандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Әрине, Қазақстанның ресурстары күллі жаһандық экономикаға өзінің үлкен пайдасын тигізеді. Сондықтан да американдар осы іске қатысуға мүмкіндігінің болғанына қуанады. Жеке өз атымнан Сізге менің Қазақстанда, елордасы Астанада біраз болуыма мүмкіндік жасағаныңыз үшін алғысымды білдіргім келеді, өйткені сіз бен біз – менің жеке секторда жұмыс істеген кезімнен бастап байырғы достармыз, - деді Ричард Чейни.

 
Сапар аясында стратегиялық әріптестікті нығайтуға және екіжақты байланыстарды кеңейтуге бағытталған құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мен АҚШ Қорғаныс министрлігі арасында жаппай қырып жоятын қару құрылымын жою жөніндегі келісімді түзету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен АҚШ Энергетика министрлігі арасында ядролық материалдарды заңсыз тасымалдауға тосқауыл қою туралы ынтымақтастық жөніндегі атқарушылық келісімге, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен АҚШ Үкіметі арасында экономикалық даму жөніндегі Қазақстан-Американ бағдарламасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер аяқталғаннан кейін бірлескен баспасөз конференциясы болып өтті.

Қазақстан Президенті осы маңызды сапардың нәтижелері Астана мен Вашингтонның екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дәйекті дамытуға ұмтылыстарын растайды деп атап өтті.

 
- Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы стратегиялық ынтымақтастық Қазақстан мен Орта Азия халықтарының өркендеуіне қызмет ететін болады деп сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 
- Мен осында Сіздің қонағыңыз ретінде келгеніме қуаныштымын. Біз бір-бірімізді бұрыннан бері білеміз және менің осында, әсем елорда Астанада Сізбен кездесуім көңіліме қуаныш ұялатады. АҚШ Президенті Джордж Буштың атынан, сондай-ақ күллі американ халқының атынан Сізге және Қазақстан халқына ең ізгі тілектерімізді жеткізгіміз келеді, - деді АҚШ вице-президенті Мемлекет басшысына.

 

- Президент пен екеуіміз жаңа ғана аса жемісті кездесу өткіздік. Менің Ирактағы ынтымақтастық үшін және лаңкестікке қарсы күрес үшін Президентке алғыс айтуыма мүмкіндік жасалды. Біз өзіміздің екіжақты байланыстарымызды қайтсек күшейте аламыз, сондай-ақ, әлемдегі осы өңірді қалай нығайта аламыз, - міне, осылар жөнінде әңгімелестік. Қазақстанды өзіміздің досымыз ретінде сезіну бізді зор қуанышқа бөлейді. Біз Қазақстанға күллі әлем үшін жасаған жұмыстары үшін алғыс айтамыз. Қазақстан – табиғи ресурстар мен таланттарға аса бай ел. Америка тәуелсіз ел ретіндегі Қазақстанның болашағы зор екеніне кәміл сенеді. Қазақстан Орталық Азияда бейбітшілікті сақтауда үлкен рөл атқарады. Осы өңірдегі барлық елдердің өздері не тілесе де, қалай дамимын десе де мүмкіндіктері мол. Алға жүретін жол айқын. Дұрыс жол таңдаған елдер түбінде мақсатына тез жетеді. Бүгін біздің көргеніміз – дамудың және қауіпсіздіктің дұрыс жолына түскен ел. Осында, мынадай әсем қалада бола отырып, мен АҚШ-тың Қазақстанды өзінің досы деп санайтынына қуаныштымын. Біз өткен 15 жылдың ішінде сіздердің жасаған істеріңізді көріп қатты таң қалып отырмыз, сондықтан біз сіздермен стратегиялық әріптес болғанымызды мақтаныш тұтамыз. Менің елім болашақта қауіпсіз дүниені құрудағы бірлескен ынтымақтастығымызды асыға күтеді, - деді Р.Чейни баспасөз конференциясында.

 

Баспасөз конференциясында американдық, қазақстандық және ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сауалдар қойды.

 
«Рейтерс» агенттігінің тілшісі Мэтью Ли Спетальник Қазақстан басшысы АҚШ вице-президентінің Вильнюстегі сөзіне байланысты екі ірі держава арасындағы егеске қалай қарайтынын сұрағанда, Нұрсұлтан Назарбаев былай деп жауап берді:

 
- Мен Ресей мен АҚШ арасында ешқандай егес жоқ деп санаймын. Бұл, меніңше достардың пікір алмасуы ғана. Біздің әрбір тәуелсіз мемлекет өз проблемаларын өзі шешетініне және белгілі бір саясат ұстанатынына үйренетін уақытымыз болды. Бұл саясатты біздің барлығымыз да сыйлауды үйренуіміз керек. Мұндай нәрсе достыққа негізделген жерде әркімнің де өз пікірін білдіруге құқығы бар. Мен мұның барлығы біздің бәрімізге де пайдалы деп ойлаймын.





Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар