National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың «Халық құрметінің қадірлі өнегесі» атты мақаласы

 

Бүгінде жаңа тұрпаттағы жасампаз Қазақ Елінің жаңғыруынан бастап, мемлекеттік дамудың дариялы жолындағы табыстардың толайымын өз отандастарымыз ғана емес, барша әлем жұртшылығы  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланыстыратыны ақиқат. Ел Президентінің мызғымас мемлекеттің жарқын үлгісі –«Мәңгілік Ел» құрудағы өлшеусіз тарихи еңбегі халықтың шынайы құрметі мен шексіз сенімінің қадірлі өнегесіне айналды. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесі – тәуелсіздік шежіресіндегі ең маңызды даталардың бірі. Елбасының егемендіктің елең-алаңындағы «алдымен - экономика, сонан соң саясат» атты өміршең тарихи қағидаты мен сындарлы саясаты республикамыздың экономикалық кемелденуіне даңғыл жол салып, Қазақстанның терезесі тең, керегесі кең мемлекетке айналуына жол ашты. Соның арқасында тәуелсіздіктің тамыры тереңдеп, халықтың әлеуметтік әлеуеті артты, ынтымағымыз бекіп, ырысымыз еселенді, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз, мәдениетіміз бен ата дәстүріміз қайта жаңғырды.

Тұңғыш Президент күні мерекесі - мемлекеттің үстем мерейі, үлкен мәртебесі. Өйткені, бұл өрлеудің, өркендеудің, жаңғырудың, жаңашылдықтың өлшемі. Ұлтты қастерлеудің, Ұлының ұлықтаудың ұлағаты. Тарихи деректерге жүгінсек, мемлекетті қалыптастырудың бастауында тұрған тұлғаны ұлықтау, егемен елдің іргетасын қалаған қайраткерді ардақтау әлем елдерінде, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, демократиялық тұрғыдан қарыштап алға кеткен іргелі мемлекеттерде қалыптасқан дәстүр екеніне көз жеткіземіз. Мәселен, Үндістандықтар 2 қазанда ресми түрде Махатма Гандидің  туған күнін атап өтсе, Түркияда 19 мамыр Ататүрікті еске алу күні деп жарияланған, Гана Республикасында Ұлыбританияның отарлық режимінен азаттық әперген тұңғыш президент Кваме Нкруманың құрметіне «Мемлекет негізін қалаушының күні» мерекесі белгіленген. Ал, АҚШ-та  мұндай мереке 22 ақпанға белгіленіп, 1880 жылдан бері аталып келеді. Яғни, АҚШ халқы Джордж Вашингтоннның еңбегіне тарихи тұрғыдан зор баға беріп, бұл мерекені елдік деңгейдегі Президент күні ретінде атап өту туралы шешім қабылдаған. АҚШ бұл күнді мерекелеу бүгінде мазмұны байи түсіп, Америка мектептерінде құрама штаттардың барлық президенттерінің тарихын оқып біліп, елдің дамуын зерделеу күніне айналған.  Мұндай дәстүр – халықты игілікті бастамаларға, жас ұрпақты ұлы мұраттарға жетелеп қана қоймай, жақсыны бағалауға, кеткен кемшіліктерден сабақ алуға үйрететін жақсы өнеге.

Елдің қамын жеген көсемді құрметтеудің қаншалықты ізгілікті қасиет екендігін Мұхаммед пайғамбарымыз өз хадисінде: «...әділ патшаны құрметтеу – Алланың ұлықтығын мойындаумен бірдей» деген екен.  Мемлекет басшысының: «Мен – өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – Тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңе жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай да бір тәуекелге барамын» деген сөздері  бұл ойды бекемдей түседі деп ойлаймын.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырына арна тартатын биылғы 24 жылы ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үздіксіз ел дамуының стратегиялық нақты бағыттарын белгілеп келеді. Соның нәтижесінде, «Қазақстан-2030» бағдарламасы мерзімінен бұрын жемісті жүзеге асып, дамудың келесі даңғыл жолы «Қазақстан-2050» стратегиясын бекітті. Халқымыз түгел сөздің түп атасына балаған Майқы бидің «Хан – халықтың қазығы» деген сөзінің астарында терең мазмұн жатыр. Түгел елдің түпқазығына айналып,  алыстағыны айқын ажыратып, келешектің тамыр соғысын тап басып, қиядағыны жазбай шалатын Елбасының өзі атап көрсеткендей: «бүгінде көптеген табысты елдер – Қытай, Малайзия, Түркия ұзақмерзімді жоспар бойынша жұмыс істеуде. ХХІ ғасырда стратегиялық жоспарлау ең өзекті қағида болып саналады. Егер ел өз бағыты мен баратын айлағын білмесе, ешқандай жел оңынан соқпайды. 2050 Стратегиясы айқын шамшырақ секілді басты мақсатымыздан көз жазбай, азаматтарымыздың күнделікті тіршілігінің мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл біздің 30-50 жылда емес, жыл сайын халық тұрмысын жақсартатынымызды білдіреді».

Мемлекет басшысы межелеген елдің өз бағыты мен баратын айлағының бағдары биылғы жылы елді жан-жақты жаңғыртудың жаңаша белестері, Бес институционалдық реформамен толысып, бағыт барынша айқындалды.  Жалпы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – Елбасы тереңнен ойластырған, әлеуметтік жаңғыртудың аса қуатты да іргелі, әрі икемді бағдарламасы ретінде бірден-ақ әлем жұртшылығының жоғары бағасын алды. Мемлекет басшысы ұдайы ізденіп, өзге елдердегі реформалармен салыстырып, дәйім жетілдіріп ұсынатын бастамалар ішінде бұл – ерекше, түбегейлі институционалдық реформалар көзделіп отырған құжат. Оны іске асыруға бүкіл қазақстандық қоғамның қатысуы көзделгендіктен, Ұлт жоспарын оны тікелей орындаушылар – қазақстандықтардың қабылдауының мәні зор. Бүгінде, біз мемлекеттілігімізді нығайтуға бағытталған жоспардың барша қазақстандықтар үшін нақты бағдар болғанын және әлемдік экономикалық дағдарыстың қазіргідей қиын жағдайында да сол қалпында қалып отырғанын айта аламыз.  Өйткені, Бес институционалдық реформаның әрбiрi - өз алдына кешендi бағдарлама, келелі міндеттер. Оларды кезең-кезеңмен iске асыру арқылы Қазақстан жаһандық және iшкi сын-қатерлерге жауап беріп қана қоймай, жаңа тарихи жағдайда әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кiруiн жарқын жол салатын болады.

Сарапшылар әлемдік деңгейдегі саяси тұлғалардың ел басқарудағы табыстарына баға беруде Ли Куан Ю, Махатхир Мохамад және Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерін ерекше бөле-жара атап көрсететінін аңғарамыз. Өрлеудің ғажайып үлгілерін жасаған аталған Ұлт Көшбасшылары елдегі шикізат қоры, немесе, өзге де материалдық игіліктерге емес, ең әуелі халықтың шынайы сеніміне арқа тұтты. «Бұл тұлғалар өз халқын күнделікті жаңаруға, жасампаздыққа, жарқын істерге бастайтын мызғымас өз идеологияларын қалыптастырған» деген пікірлердің ақиқаттығына Елбасы кейінгі кезде белгілеген Халықтық  реформалардың тереңдігі арқылы көз жеткізе түсеміз.

Айталық, бiрiншi институционалдық реформаны іске асыру, яғни “Кәсiби мемлекеттiк аппарат құру” арқылы өз iсiн жетiк бiлетiн, бiлiмдi әрi бiлiктi, дарынды, адал әрі отаншыл мемлекеттiк қызметшiлердің қалың шоғыры қалыптаспақ.  Екiншi институционалдық реформа - “Заңның үстемдiгiн қамтамасыз ету” үдерiсiнде сот жүйесі заманға сай реттеліп,  заңның үстемдiгiн қамтамасыз ету барысында сот төрелiгiне мән берiліп, бес сатылы сот жүйесiнен үш сатылы сот төрелiгi жүйесiне өтпек.  “Индустрияландыру және экономикалық өсiм” атты  институционалдық реформаның үшiншi жүйесi отандық экономиканың даму серпінін белгiлейтiн индустрияландыруға бағытталса, “Бiртектiлiк пен бiрлiк” деп аталған  реформаны іске асыру арқылы барша халықты Ел Президенті ұсынған “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық патриоттық идеясының айналасына топтастыратын боламыз. Сонымен бірге, бесінші институционалдық реформа “Есеп беретiн мемлекеттiлiктi қалыптастыру” арқылы билік пен халық арасын барынша жақындастырып, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы жоғарылатылмақ.

Дүниені мекендеген жүздеген ұлттардың барлығы бірдей дамудың мұндай дара бағытын қалыпастырмақ түгілі, өз мемлекетінің шаңырағын құрып, Ата Заңын бекітіп, шекарасын шегендеп, әскерін қалыптастыра алмай отырғаны шындық. Бұл орайда, тәуелсіз ел болу біздің халықтың маңдайына  біткен ерекше бақыты десек, сол елдің іргесін нығайтып, Қазақстанды бүкіл әлемге танытып,  сан алуан державалардың өзі санасатын мәртебелі мемлекетке айналдырған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өлшеусіз еңбегі екенін жұртшылық ерекше бағалайды.

 Ұлы Дала төсін дүбір­леткен ер бабалардың асыл мұратын іске асырған Елбасы қазіргі заманғы іргелі мемлекет құрып қана қоймай, мыңжылдықтарда да мызғымайтын «Мәңгілік Ел» құрудың тарихи бағдарын ұсынды. Елбасының: «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы.

Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі. Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім. Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы. Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық» деген сөздері ата-бабалардың барша мұрат-мақсатымен қабысып, қол жеткізілген арманның көкжиегін көрсетіп тұр.

Бабаларымыздың сонау Күлтегін жазбаларындағы кемеңгер ойларының басты кеңістігінің ауқымы бейбіт заман, берекелі тірлікті мұрат тұтқаны байқалады. Ұлт болып ұйыса бастаған кейінгі ғасырлардың өзінде «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада», одан кейінгі де талай озбыр жаугершілік, отаршыл саясаттың теперішін көрген,  қынадай қырылған қазақ халқының бүгінгідей заманды аңсағаны тарихтан мәлім.

Елбасының ішкі және сыртқы саясаттағы сындарлы стратегиясының арқасында халқымыз арман еткен осынау «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бақытты да берекелі заманға қол жеткізді. Мемлекет басшысының ел ырысын еселеуді мақсат тұтқан көреген саясатының нәтижесінде елімізде экономикалық өрлеумен қатар ел бірлігі, тұрақты даму, бейбітшілік пен келісім құндылықтары жаңа қазақстандық дәстүр мен ділдің негізін жасақтады. Осы құндылықтар Қазақстан қоғамының ұйыстырушы факторына айналды.   Сарапшылардың есептеуінше, әлемдегі саяси-экономикалық өмір айнасындағы соңғы кездердегі дағдарыстардың салқыны көп ұлтты елдің береке-бірлігіне іріткі сала алмаған дәл Қазақстандай мемлекетті дүниежүзі бүгінде феномен ретінде қабылдайды. Яғни, Елбасы сөзімен өрбітсек: «қазақ тарихы – ешкімнен ұялмайтын тарих, үнемі бірігу, тұтастану тарихы» екенін шынайы сезінеміз.

Республикамызда Тұңғыш Президент күні мерекесін атап өту  жұртшылыққа арналған мәдени іс-шаралар мен еңбек, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім, құрылыс салаларында қол жеткізілген жетістіктердің таныстырылымы осы Ұлт жоспарын іске асырумен ұштастырыла жүргізілуімен ерекшеленуде. Мұндай игілікті бастамалар өңірлерде де жақсы жалғастығын табуда. Айталық,  биылғы жылы мерекеге арналған іс-шаралар қараша айының алғашқы онкүндігі өтісімен-ақ бастау алды. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар университетінде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен бірлесе өткізілген «100 нақты қадам – Халықтық реформалар жоспары» ғылыми-тәжірибелік конференциясы және басқа да осы тақырыптағы өнегелі іс-шаралар тұр. 

Алтын орда дәуірінде өмір сүрген әйгілі ақын Сәйф Сарайдың «тайып бара жатқанға таяныш бол»  деген қанатты сөзі Елбасының ел-жұрттың еңсесін тіктеп қана қоймай, еңкейгенге  қолын созатын, жығылғанға жәрдем беретін қайырымдылық қасиетін айшықтап тұр деуге болады. Тұңғыш Президентіміздің тарихи тұлғасымен қатар айтылып, ажырағысыз ұғым ретінде бекіген Қазақстан халқы, Тәуелсіздік, Астана сияқты ұлағатты сөздердің қатарын  бүгінде  «Президент және қайырымдылық» деген сөз тіркесі орынды толықтыра түседі деп есептеймін. Мемлекет басшысы таяуда Бес институционалдық реформаның аясында «Қайырымдылық туралы» заңды бекітті. Елбасының өз еңбектері үшін алған қаламақыларын түрлі қорларға аударғаны туралы халық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар. Айталық, биылғы көктемде өзіне табыс етілген «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығының 600 мың доллар қаражатын «Милосердие» ерікті қоғамы мен Мемлекеттік тілді дамыту қорына бөліп бере отырып, Президент әлеуметтік бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды екендігін атап көрсетті.

Ұлы Далада ежелден орныққан адамгершілік пен жомарттық қасиеттері біздің рухани мәдениетімізді биіктетіп, ұрпақтан-ұрпаққа ізгілікті мұра етіп қалдырудың жарқын жолына айналды. Бүгінде елде мұндай қозғалыстың өрбіп келе жатқанына, оған мемлекеттік органдар да, жеке тұлғалар да ынталы екендігіне көз жеткізе аламыз. Солардың ішінде шоқтығы биігі – Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамашылық жасап отырған «Қайырымдылық керуені» ұлттық науқаны. Тұңғыш Президент күніне арнап, он күн бойы еліміздің бар өңірінде өткізілген бұл науқан аясында әлеуметтік тұрғыдан дәрменсіз адамдарға, науқас балаларға, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық ұйымдары, меценаттар қайырымдылық көмек көрсетті.  Тереңіне үңілсек, бұл науқанның мақсаты жаһандық даму жылдамдығына ілескен қоғамда адамдардың бойындағы ізгі қасиеттерді ояту, қайырымды адам, қайырымды ел болуға үндеу екенін аңғарамыз.

Орайы келгенде, Елбасы ұсынған «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының адами құндылықтарды дамыту, біртұтас азаматтық қоғамды қалыптастыруға бағытталған «Болашағы біртұтас ұлт» реформасын заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік хатшының 9 өкімі бекітілгенін айта кетуіміз керек. Соның бірі үш жыл кезеңге есептелген «Үлкен ел – Үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасын іске асыру басталып та кетті. Жоспарда «Мәңгілік Ел» құндылықтар жүйесі мен «Ұлы Дала Елі» идеясын ілгерілетуге бағытталған 35 ауқымды іс-шара көзделген.

Болашағы біртұтас ұлт ұрпақтарының бойында адами ізгі қасиеттердің мол болуы елімізде орныққан қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға септігін тигізері сөзсіз. Осыны ескере отырып, Ұлттық комиссияның отбасын және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөніндегі жалпыұлттық жоспары жас буынның бойында қазақстандық патриотизм сезімін ұялату бағытында берілетін тәрбиені күшейту көзделген іс-шаралармен толықтырылды.

Отанымыздың тыныс-тіршілігіне  зер салсақ, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, алпауыт корпорациялар мен шағын және орта бизнес субъектілерінің осы күнге белгілеген жоспарлы жұмыстарынан хабардар боламыз.  Ең бастысы, ол – алыс және жақын шетелдерде ел мерейін өсіруге, мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз еңбек сіңірген Тұңғыш Президентімізге өз жетістіктері арқылы құрметін білдіргені деп есептеуіміз керек. Кеңірек айтсақ, қаншама мемлекетпен тереземізді тең ету үшін, халықаралық сайыстарда көк туымыз желбіреуі үшін, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен ана тіліміз естілуі үшін, ұлттық рухымыз бен рухани құндылықтарымызды сақтау үшін, өзі айтқандай «бойындағы бар қайрат-қабілетін, білім-білігін аямай жұмсап» жүрген Тұлғаға ризашылығы мен ықыласын халқы осылай білдірудің дәстүріне айналғандай. 

Осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясында Елбасы туралы: «...Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев халықты  жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты» деп жазылған.

Бұл – Мемлекет басшысының қызметіне берілген саяси баға болса, ел халқы Ұлт Көшбасшысына деген ықыласты ақжарма тілегімен, отаншыл жүрегімен, ақыл-ойымен, күш-қуатымен, өнерімен, жеткен жетістіктерімен білдіруде. Елбасы  бастаған көшке ерген жұрт елде жүргізіліп отырған сындарлы ішкі және сыртқы саясаттың арқасында саяси және әлеуметтік сілкіністерге ұшырамай, әлем басынан өткеріп отырған экономикалық дағдарыстарды нақты еңсеретініне сенімді.  Сондықтан да жасампаз ай – желтоқсанның алғашқы күніндегі Тұңғыш Президент күні – уақыт өткен сайын маңызы арта түсіп, рухани санамызды жаңғыртып, қуаттандыратын, жаңа мұраттарға жетелейтін мерейлі мереке екені анық.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару